Киелі жазбалар
2‑ші Нефи 23


23‑ші тарау

Бабылдың жойылуы — Екінші Келудегі жойылудың белгісі. Бұл күн қаһар мен кек алу күні болады. Бабыл (әлем) мәңгілікке құлайды. Ишая 13‑пен салыстыр. Шамамен 559–545 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Амос ұлы Ишая Бабыл туралы көрген ауыр хабар.

2 Биік тауға ту көтеріңдер, оларға айқайлаңдар, қол бұлғаңдар, олар ақсүйектердің қақпаларына басып кірсін.

3 Мен өзімнің таңдап алғандарыма бұйырдым, өзімнің мықтыларымды да шақырдым, өйткені менің қаһарым менің ұлылығыма шаттанатындарға қарсы емес.

4 Таудан шыққан қалың жұрттың шуы, қаптаған халықтан шыққандай, бірге жиналған ұлттар патшалықтарының дүбірлі шуы, Әскербасы Иесі әскерін шайқасқа жинап жатыр.

5 Олар көкжиектің ар жағындағы алыс елдерден келді, иә, Жаратқан Ие және оның қаһарының құралдары бүкіл жерді құрту үшін.

6 Зар жылаңдар, Жаратқан Иенің күні таяп қалды! Ол Құдіреті шексіз Жаратқан Иеден жойылу ретінде келеді.

7 Сондықтан барлығының қолдарынан күші кетіп, әр адамның жүрегі жібейтін болады;

8 Міне олардың үрейі ұшып; азаптар мен қайғы‑қасірет оларды басып алады; олар бір‑біріне таңырқай қарайтын болады; олардың беттері алабұртқан сияқты болады.

9 Біліп қойыңдар, Жаратқан Иенің лаулаған сұрапыл ашу‑ызасы мен қаһары, жерді қаңыратып қалдыратын және ондағы күнәқарларды қырып‑жоятын күні таяп қалды.

10 Өйткені аспандағы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар өз жарығын бермейді; күн шықса да, оны қараңғылық басады, ал ай өзінің жарығын түсірмейді.

11 Міне мен дүниені зұлым істері үшін жазалаймын, ал әділетсіздерді күнәлары үшін жазалаймын; мен өркөкіректердің асқақтығын тоқтатамын, ал тәккапарлардың паңдығын қорлаймын.

12 Мен адамды таза алтыннан да қымбат қыламын; тіпті сонау Опыр таңдаулы алтыннан да тапшы қыламын.

13 Сондықтан мен аспанды шайқаймын, ал жер Әскербасы Иесінің қаһарына ұшырап, Оның қаһары төгілген күні орнынан қозғалады.

14 Міне ол қуған киіктей, ешкім көтермейтін қойдай болады және әркім өз халқына бұрылып және әркім өз жеріне қарай қашады.

15 Өркөкірек болған әркім найзамен шаншылады; иә және зұлымдармен қосылған әрбір адам семсермен түйреліп өлтіріледі.

16 Олардың балаларын көз алдарында ұрып өлтіреді; олардың үйлерін тонап, әйелдерінің абыройын төгіп масқаралайтын болады.

17 Міне, мен алтын‑күмісті бағаламайтын мидиялықтарды оларға қарсы айдап саламын, олар оған таңданбайды.

18 Олардың садақтары жас жігіттерді жайпап салады; және құрсақтағы жемісін де аямайды; және олардың көзі балаларды да аямайды.

19 Ал Бабыл, патшалықтардың сән‑салтанаты, Халдей халқының асқақ мақтанышы, Құдай, Содом мен Ғомораны құлатқан кездегідей болады.

20 Оны енді қайтып ешкім мекендемейді және ұрпақтан ұрпаққа ешқашан сонда тұрмайтын болады; ал арабтар да шатырын тікпейді; ал шопандар да онда отарларын жаймайды.

21 Бірақ сонда шөл даланың аңдары жатады және олардың үйлері қайғылы тіршілік иелеріне толады; және онда үкілер мекен етеді, ал сабалақ жүнді ешкілер билейтін болады.

22 Міне аралдардағы жабайы аңдар қаңырап бос қалған үйлерінде ұлып жылайтын болады, ал айдаһарлар олардың сәулетті сарайларында; оның уақыты таяп қалды, оның күні ұзаққа созылмайды. Өйткені мен оны кідіртпей құртамын; иә, өйткені мен өз халқыма мейірімділік көрсетемін, ал зұлымдар жойылады.