10‑шы тарау
Лехи яһудилерді Бабылдықтар тұтқынға алатынын болжайды. Ол яһудилердің арасына Мәсіхтің, Құтқарушының, Өтемшінің келетіні туралы айтады. Лехи сондай‑ақ Құдайдың Тоқтысын су рәсімінен өткізетін тиісті адамның келуі туралы айтады. Лехи Мәсіхтің өлімі мен оның қайта тірілуі туралы айтады. Ол Исраилдың бытырауы мен жиналуын зәйтүн ағашымен салыстырады. Нефи Құдай Ұлы туралы, Киелі Рухтың сыйы туралы және әділдіктің қажеттілігі туралы айтады. Шамамен 600–592 ж. Иса Мәс. дейін.
1 Ал енді мен, Нефи, өз істерім, патшалығым мен қызметім туралы осы парақтар бойынша баяндауды жалғастырамын; сондықтан өзімнің баяндауымды жалғастыру үшін мен әкемнің және бауырларымның істері туралы біраз сөз айтуым қажет.
2 Міне, дәл солай болды, әкем өзінің түсі туралы айтып болған соң, оларды бар ынтасын салып ыждағатты болуға да шақырып, ол олармен яһудилер туралы сөйлесті.
3 Олар Жаратқан Иенің белгілеген уақыты бойынша, сол ұлы қала Иерусалим жойылып, көп адамдар Бабылға тұтқынға айдалып кеткеннен кейін олар қайтадан оралады, иә, тіпті тұтқыннан қайтарылады; және тұтқыннан қайтарылғаннан кейін олар өздерінің мұрагерлік жеріне қайтадан иемденетін болады.
4 Иә, менің әкем Иерусалимнен кеткеннен кейін дәл алты жүз жыл өтісімен, Құдай Жаратқан Ие яһудилердің арасынан пайғамбарды шығарады, иә Мәсіхті, немесе, басқа сөзбен айтқанда, Әлемнің Құтқарушысын.
5 Сондай‑ақ ол пайғамбарлар туралы, ол өзі айтқан сол Мәсіхке қатысты нәрселерге немесе осы әлемнің Өтемшісі туралы куә болғандардың саны қаншалықты көп екенін айтты.
6 Сондықтан, бүкіл адамзат адасып және құлаған күйде болған және олар әрдайым сол күйде қалар еді, егер де сол Өтемшіге сенім артпағанда.
7 Міне ол Мәсіхтен бұрын келіп, Жаратқан Иеге жол дайындайтын пайғамбар туралы да айтты:
8 Иә, тіпті ол шөл далаға шығып, айқайлайды: Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар және түзу қылып салыңдар жолды Оған; өйткені араларыңда өздерің білмейтін біреу тұр; ал ол менен де күшті, мен оның аяқ киімінің ілмегін шешуге де лайық емеспін. Міне бұл туралы менің әкем көп айтты.
9 Міне, менің әкем ол Иорданның арғы жағындағы Бетабарада су рәсімін өткізетінін айтты; сондай‑ақ ол су рәсімін су арқылы өткізетінін; нақты Мәсіхті су рәсімінен су арқылы өткізетінін де айтты.
10 Міне Мәсіхті ол су рәсімінен өткізгеннен кейін, ол әлемнің күнәларын жоятын Құдайдың Тоқтысын су рәсімінен өткізгенін көріп және куәлік етеді.
11 Міне, дәл солай болды, әкем осы сөздерді айтқаннан кейін, ол менің бауырларыма яһудилер арасында уағыздалатын Інжіл туралы, сондай‑ақ яһудилердің сенімсіздігінің азайып бара жатқаны туралы айтты. Содан, олар келе жатқан Мәсіхті өлтіргеннен кейін, яғни ол өлтірілгеннен кейін, ол өлгеннен қайта тіріліп, Киелі Рух арқылы өзін өзге ұлттарға көрсетеді.
12 Иә, менің әкем басқа ұлттар туралы да, сондай‑ақ Исраил үйі туралы да көп айтты, оның бұтақтары зәйтүн ағашы сияқты үзіліп және бүкіл жер бетінде бытырап кететін болады.
13 Сондықтан Жаратқан Иенің сөзі орындалуы үшін, біз бүкіл жер бетінде бытырап кетуіміз үшін, уәде етілген жерге бір кісідей жеткізілуіміз керек, деді ол.
14 Міне, Исраил үйі бытырап кеткеннен кейін, олар қайтадан бірігіп жиналатын болады; немесе, басқаша айтқанда, басқа ұлттар Інжілдің толықтығын, зәйтүн ағашының табиғи бұтақтарын қабылдағаннан кейін немесе Исраил үйінің қалдықтары егіліп немесе шынайы Мәсіхті, олардың Жаратқан Иесі және олардың Өтемшісін танып білген соң.
15 Міне, осы тілде әкем пайғамбарлық етіп, бауырларыма сөйледі, сонымен қатар мен бұл кітапта жазбаған басқа да көптеген нәрселерді айтты; өйткені мен олардың көбін басқа кітабымда өзіме қаншалықты қажет болса, сонша жаздым.
16 Міне, мен айтқан нәрселердің бәрі менің әкем Лемуел аңғарындағы шатырда тұрып жатқан кезде болды.
17 Міне, дәл солай болды, мен, Нефи, әкем көрісте көргендері туралы, сондай‑ақ ол Киелі Рухтың күшімен сөйлеп, бұл күшті Құдайдың Ұлына сену арқылы алғаны туралы да барлық сөздерін естіген соң – ал Құдайдың Ұлы сол келетін Мәсіх болатын, – Мен, Нефи, сондай‑ақ Киелі Рухтың құдіретімен осы нәрселерді көруді де, естуді де, білуді де қаладым, бұл Құдайдың ежелгі заманда да, сондай‑ақ Өзін адамзат баласына танытатын уақытта да Оны ынтамен іздейтіндердің бәріне тартқан сыйы.
18 Өйткені ол кеше де, бүгін де, мәңгі де бір; ал егер олар тәубе етіп, Оған келетін болса, әлем іргетасынан бастап барлық адамдар үшін жол дайындалған.
19 Өйткені ынтамен іздеген адам табады; және Құдайдың құпиялары оларға Киелі Рухтың күшімен ашылады, сондай‑ақ бұл заманда да бұрынғы заманда да, сондай‑ақ ескі заманда да, келер заманда да; сондықтан Жаратқан Иенің жолы бір мәңгілік айналым.
20 Сондықтан есіңде болсын, Уа адам, сен барлық істеген істерің үшін сотқа тартыласың.
21 Сондықтан сынақ күндерінде зұлымдық жасауға ұмтылсаңдар, Құдайдың үкімінің алдында таза емес болып табыласыңдар; және ешбір арам нәрсе Құдайдың алдында тұра алмайды; сондықтан, сендер мәңгілікке аластатыласыңдар.
22 Ал Киелі Рух маған осы сөздерді айтуыма және олардан бас тартпауыма билік береді.