13‑ші тарау
Абинади Құдайдың құдіретінің қорғауында. Ол Он өсиеттің тәлімін береді. Құтқарылу тек Мұсаның заңы арқылы келмейді. Өтеуді Құдай өзі жасайды және Өз халқын өтеп алады. Шамамен 148 ж. Иса Мәс. дейін.
1 Ал енді патша бұл сөздерді естіген кезде, ол діни қызметкерлеріне былай деді: Мына адамды алып кетіңдер де, өлтіріңдер; оған біздің не қатысымыз бар, өйткені ол ақылсыз.
2 Міне олар жақындап және олар оған қолын жұмсауға ұмтылды; бірақ ол оларға қарсылық танытты және былай деді:
3 Сендер маған қолдарыңды тигізбеңдер, егер маған қолдарыңды көтеретін болсаңдар, Құдай сендерге соққы береді, өйткені Жаратқан Ие маған жеткіз деп жіберген хабарын әлі жеткізген жоқпын; ал мен сендерге айтуымды талап еткендеріңді сендерге әлі айтқан жоқпын; сондықтан Құдай мені осы уақытта құртуға жол бермейді.
4 Бірақ мен Құдайдың маған бұйырған өсиеттерін орындауым керек; міне мен сендерге шындықты айтқаным үшін маған ашуландыңдар. Міне тағы да, мен Құдай сөзін айтқаным үшін мені ақылсыз деп айыптадыңдар.
5 Енді дәл солай болды, Абинади осы сөздерді айтқаннан кейін Нұх патшаның адамдары оған қолдарын қөтеруге батылдары жетпеді, өйткені онымен Жаратқан Иенің Рухы болды және оның жүзі Синай тауында Жаратқан Иемен сөйлескен Мұсаның жүзіндей ерекше жарқырап тұрды.
6 Міне ол Құдайдың құдіреті мен билігі арқылы сөйледі; әрі ол сөзін жалғастырып, былай деді:
7 Көріп тұрсыңдар, мені өлтіруге сендердің күштерің жетпейді, сондықтан мен өз хабарымды аяқтаймын. Иә, бұл сендердің жүректеріңе ауыр тиетінін түсінемін, өйткені мен сендерге зұлымдықтарың туралы шындықты айтамын.
8 Иә, және менің сөздерім сендерді таң қалдырады және таңырқатады және ашуландырады.
9 Бірақ мен өз хабарымды аяқтаймын; содан кейін қайда баратыным маңызды емес, егер солай болып, мен құтқарылсам.
10 Бірақ мен сендерге осыны айтамын: бұдан кейін менімен істеген істерің, алдағы істердің үлгісі мен түп бейнесі сияқты болады.
11 Міне енді мен сендерге Құдай өсиеттерінің қалған бөлігін оқып бердім, өйткені мен олардың сендердің жүректеріңде жазылмағанын түсінемін; мен сендердің өмірлеріңнің көп бөлігін зұлымдықты үйреніп және үйреткендеріңді түсінемін.
12 Міне енді сендерге мынаны айтқанымды еске түсірдіңдер: Өзіңе жоғарыдағы көк аспандағы, төмендегі жерде немесе жер астындағы судағы нәрселердің ешбір ойылған мүсінін немесе бейнесін жасама.
13 Міне тағы да: Оларға табынба, әрі оларға қызмет етпе; өйткені мен сенің Құдайың Жаратқан Иеңмін, сол ата‑бабаларының заңсыздықтары үшін, мені жек көретін үшінші және төртінші ұрпаққа дейін балаларын жазалайтын қызғаншақ Құдаймын.
14 Міне мені сүйетін және менің өсиеттерімді орындайтын сол мыңдағанға мейірімділік танытамын.
15 Құдайың Жаратқан Иенің есімін бекер атама; өйткені Жаратқан Ие оның есімін бекер атағанды жазасыз қалдырмайды.
16 Шаббат күнін есте сақта, оны қасиетті етіп ұста.
17 Алты күн еңбек етіп, барлық жұмысыңды істей бер.
18 Бірақ жетінші күн, сенің Құдайың Жаратқан Иенің шаббат күні, сен ешбір жұмыс істеме, өзің де, ұлың да, қызың да, қызметшің де, күңің де, малың да, сенің үйіңде бейтаныс адам да.
19 Өйткені Жаратқан Ие алты күн ішінде аспанды да, жерді де, теңізді де, ондағылардың бәрін де жаратты; сондықтан Жаратқан Ие шаббат күніне батасын беріп, оны қасиетті етті.
20 Ата‑анаңды құрметте, Құдайың Жаратқан Иенің саған берген жерінде өмірің ұзақ болсын.
21 Өлтірме.
22 Неке адалдығын бұзба. Ұрлық жасама.
23 Өзіңнің көршіңе қарсы жалған куәлік етпе.
24 Көршінің үйін аңсама; көршіңнің әйеліне көз артпа; не оның қызметшісіне, не оның күңіне, не оның өгізіне, не оның есегіне, көршіңнің өзге де ешқандай нәрсесіне.
25 Міне дәл солай болды, Абинади осы сөздерді аяқтағаннан кейін оларға былай деді: Сендер бұл халықты осы өсиеттерді ұстану үшін олар осының барлығын бар ынтасын салып орындауы керектігін үйреттіңдер ме?
26 Мен сендерге айтамын: Жоқ; өйткені, егер сендер осының бәрін үйреткен болсаңдар, Жаратқан Ие маған шығып және осы халыққа қатысты зұлымдық туралы пайғамбарлық етуді бұйырмас еді.
27 Міне енді сендер құтқарылу Мұсаның заңы арқылы келеді дедіңдер. Мен сендерге айтамын: Мұсаның заңын әлі де ұстанғандарың жөн; бірақ мен сендерге айтамын: Мұсаның заңын ұстанудың қажеті болмайтын уақыт келеді.
28 Міне оның үстіне, мен сендерге айтамын: құтқарылу тек заң арқылы ғана келмейді; егер Құдай өз халқының күнәлары мен заңсыздықтары үшін өтеп алмағанда, онда олар Мұсаның заңына қарамастан, сөзсіз құрдымға кетер еді.
29 Міне енді сендерге айтамын: Исраил ұрпақтарына заңның, иә, тіпті өте қатаң заңның берілгені орынды болды; өйткені олар қатыгез халық еді, зұлымдық жасауға тез және олардың Құдайлары Жаратқан Иені еске алуда баяу.
30 Сондықтан оларға берілген заң болды, иә, іс‑әрекеттер мен қасиетті рәсімдер заң, олар Құдайды еске алу және оның алдындағы міндеттерін сақтау үшін олар күн сайын қатаң түрде сақтауға тиісті заң.
31 Бірақ міне, мен сендерге айтамын: бұл нәрселердің бәрі болашақтың нышаны болғаны.
32 Міне енді олар заңды түсінді ме? Мен сендерге айтамын: Жоқ, олардың бәрі заңды түсінбеді; және бұл олардың жүректерінің қаталдығынан; өйткені олар ешкімнің құтқарыла алмайтынын түсінбеді, тек Құдайдың өтеуі арқылы.
33 Міне, Мұса оларға Мәсіхтің келуі туралы және Құдай өз халқын өтеп алатыны туралы пайғамбарлық етпеді ме? Иә, міне тіпті дүние жаратылғаннан бері пайғамбарлық еткен барлық пайғамбарлар да бұл туралы азды‑көпті айтпады ма?
34 Олар Құдайдың өзі адам балаларының арасына түсіп және адам бейнесіне еніп және жер бетіне құдіретті күшпен аттанады деп айтпады ма?
35 Иә, сондай‑ақ олар, ол өлгендердің қайта тірілуін жүзеге асыратынын және оның өзі қысымға ұшырап және азап шегетінін айтпады ма?