14‑ші тарау
Ишая мәсіхшілікке қатысты пайғамбарлық айтады. Онда Мәсіхтің қорлығы мен азаптары баяндалады. Ол өз жанын күнә үшін құрбандық етеді және қылмыскерлер үшін ара түседі. Ишая 53‑пен салыстыр. Шамамен 148 ж. Иса Мәс. дейін.
1 Иә, тіпті Ишая былай деп айтпады ма: Біздің хабарымызға кім сенді және Жаратқан Иенің қолы кімге ашық көрсетілді?
2 Өйткені ол оның алдында нәзік жас көшеттей, құрғақ жерден шыққан тамырдай өсіп шығады; оның пішіні де, ажары да жоқ; ал біз оны көрген кезде, біз оған таңырқап қарайтындай ұсқыны да жоқ.
3 Оны адамдар менсінбеді және қабылдамады; ауыр азапты және қайғы‑қасіретті көрген адам; міне біз одан бетімізді жасырғандай болдық; оны менсінбедік және біз оны бағаламадық.
4 Шынында, біздің қайғымызды өзіне алды және қасіретімізді өз мойнымен көтерді; бірақ біз оның соққыға ұшырағанын және азап шеккенін Құдайдың бұйырған жазасы деп ойладық.
5 Бірақ ол біздің әділетсіз істеріміз үшін жараланды, ол заңсыздықтарымыз үшін соққыға жығылды; біздің тыныштығымыздың жазасын ол өз мойнына алды; оның жараларының арқасында біз сауықтық.
6 Бәріміз де адасқан қойлар сияқты тентіреп; әркім өз жолымызды алып жүрдік; ал Жаратқан Ие бәріміздің заңсыздықтарымызды оның мойнына жүктеді.
7 Ол қысымға ұшырады және азап шекті, алайда аузын ашпады; оны тоқты сияқты сойылатын жерге әкелді, ал қой қырқушылар алдында үні шықпайтын қой секілді ол да тіс жармады.
8 Ол түрмеден де үкімнен алынды; ал оның ұрпағын кім жариялайды? Өйткені ол тірілер жерінен алыстатылды; өйткені халқымның істеген әділетсіз істері үшін ол соққыға жығылды.
9 Міне ол өзінің қабірін зұлымдармен бірге жасады және оның мәйіті байлармен бірге қойылды; өйткені ол ешқандай жамандық істеген емес, аузында ешқандай өтірік шыққан емес.
10 Алайда Жаратқан Ие оны соққыға салды; сен оның жанын күнә үшін құрбандыққа шалсаң, ол өзінің үрім‑бұтағын көретін болады, оның ғұмыры ұзақ болады және Жаратқан Иенің еркі оның қолында жүзеге асады.
11 Ол өз жанының азабын көреді және қанағаттанатын болады; менің әділ қызметшім өз білімімен көбісін ақтайды; өйткені ол олардың заңсыздықтарын өз мойнына алады.
12 Сондықтан мен оған ұлылармен бірге үлес қосамын, ал ол олжаны күштілермен бөліседі; себебі ол өз жанын өлімге қиды және қылмыскелрердің қатарынан саналды; міне ол көптің күнәсін мойнына алды және қылмыскерлер үшін ара түсті.