Киелі жазбалар
Мосия 3


3‑ші тарау

Бунямин патша сөзін жалғастырады. Құдіреті шексіз Жаратқан Ие халық арасында балшықтан жасалған шатырда қызмет етеді. Ол дүниенің күнәларын өтеген кезде оның денесінен шыққан әр тері қанға ұқсап тамшылайды. Құтқарылу тек Оның аты арқылы ғана келеді. Адамдар адамға сай тән табиғатынан бас тартып, өтелу арқылы Әулие бола алады. Зұлымдардың азабы от пен күкірт көлідей болады. Шамамен 124 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Міне тағы да бауырларым, мен сендердің назарларыңды аударғым келеді, өйткені менің сендерге айтар тағы бір нәрсем бар; міне енді, менің сендерге не болатыны туралы айтатын бір нәрсем бар.

2 Міне мен сендерге айтатын нәрселерді маған Құдайдың періштесі ашты. Міне ол маған былай деді: Оян; сонда мен ояндым, ал ол менің алдымда тұрды.

3 Міне ол маған былай деді: Оян, мен саған айтатын сөздерді тыңда; өйткені, мен сендерге зор қуаныш хабарын жариялауға келдім.

4 Өйткені Жаратқан Ие сенің мінажаттарыңды естіп, сенің әділдігіңе үкім шығарды және қуанасың деп, саған хабарлау үшін мені жіберді; міне сен өз халқыңа хабарлай аласың, солай олар да қуанышқа бөленсін.

5 Міне енді, мәңгіліктен мәңгілікке билік етуші, Құдіреті шексіз Жаратқан Иенің құдіретімен көктен адам балаларының арасына түсіп, мекендейтін уақыт та жақындап қалды және алыс емес және ол балшықтан жасалған шатырда тұрып, халық арасына шығып, керемет ғажайыптар жасайтын болады: ауруларды емдейді, өлгендерді тірілтеді, ақсақтарды жүретін етеді, соқырларды көретін етіп, ал саңырауларды еститін қылады және барлық аурулардың барлық түрлерін емдейтін болады.

6 Міне ол адам балаларының жүрегіндегі жындарды немесе зұлым рухтарды қуып шығарады.

7 Міне, ол азғыруларды да тән азабын да, аштықты, шөлді де сарқылуды да, тіпті өлімге дейін бармаса, адамға көтерем зардабын асып түсетін азапты тартады; өйткені, міне, оның әр қуысынан қан тамшылайды, өз халқының зұлымдығы мен жиіркенішті істері үшін оның қасірет шегуінің азабы тым ауыр болады.

8 Міне ол Иса Мәсіх, Құдайдың Ұлы, көк пен жердің Әкесі, әуел бастан барлық нәрсенің Жаратушысы деп аталатын болады; ал оның анасы Мәриям деп аталады.

9 Міне қара да көр, сонда оның атына сену арқылы адам балалары құтқарылу үшін, ол өзі таңдап алған халқына келеді; ал осының бәрінен кейін де олар оны адам ретінде қабылдайды және шайтан оның ішінде екенін айтады, әрі оны ұрып‑соғады және айқышқа шегелеуге тапсырады.

10 Ол үшінші күні өлгеннен кейін қайта тіріледі; ал міне, ол әлемге үкім шығару үшін көтеріледі; міне, мұның бәрі адам баласына әділ үкім шығару үшін жасалды.

11 Міне енді, сондай‑ақ оның қаны Адамның күнәсінен өлгендердің, Құдайдың өздеріне қатысты еркін білмей өлгендердің немесе білместікпен күнә жасағандардың күнәларын өтейді.

12 Бірақ қасірет, Құдайға қарсы шыққанын білген адамға қасірет! Өйткені ондайларға құтқарылу жоқ, тек тәубеге келу және Иеміз Иса Мәсіхке сену арқылы ғана.

13 Міне Құдай Жаратқан Ие осыны әр текке, ұлтқа және тілге жариялау үшін бүкіл адамзат баласының арасына өзінің қасиетті пайғамбарларын жіберді, осылайша Мәсіхтің келетініне сенетін әр адам күнәларының кешірілуіне ие болуы үшін және ол олардың араларында әлдеқашан жүргендей шексіз зор қуанышқа бөленуі үшін.

14 Бірақ Құдай Жаратқан Ие өз халқының қатал халық екенін көріп, оларға заң белгіледі, яғни Мұса заңын.

15 Міне ол оларға өзінің келуіне қатысты көптеген белгілер мен ғажайыптарды және таңбалар мен үлгілерді көрсетті; сондай‑ақ Қасиетті пайғамбарлар да оларға оның келуі туралы айтты; сонда да олар жүректерін қатайтты және олар оның қанын өтеу арқылы ғана Мұсаның заңы пайда әкелетінін түсінбеді.

16 Міне тіпті кішкентай балалардың күнә жасауы мүмкін болған жағдайында да, оларды құтқару мүмкін емес еді; бірақ мен сендерге айтамын, олар бақытты; өйткені, міне, олар Адам сияқты немесе табиғаты бойынша күнәға батады, осылайша Мәсіхтің қаны олардың күнәларын өтейді.

17 Міне оның үстіне, мен сендерге айтамын, Құдіреті шексіз Жаратқан Ие Мәсіхтің атымен және оның аты арқылы ғана адам балаларына құтқарылатын басқа ешқандай атау да, басқа жол да, амал да берілмейді.

18 Өйткені, міне, ол үкім шығарады, ал оның үкімі әділ; ал нәресте сәби кезінде өлсе, өлмейді; бірақ адамдар өздерін кішірейтіп, кішкентай балалардай болып, бұл құтқарылу өтеу қанында болғанына, барына және Құдіретті Жаратқан Ие Мәсіхтің өтеуші қаны арқылы болатынына сенбесе, өз жандарына қарғыс ішеді.

19 Өйткені өз еркімен жүретін адам Құдайға дұшпан болып табылады және ол Адамның құлағанынан бері болған және мәңгі бақи бола береді, егер де ол Киелі Рухтың азғыруларына мойынсұнбай, адамға сай тән табиғатынан бас тарпаса және Жаратқан Ие Мәсіхтің өтеуі арқылы әулиеге айналмаса және бала сияқты болмаса; мойынсұнғыш, кішіпейіл, қарапайым, шыдамды, сүйіспеншілікке толы, Жаратқан Ие оған жүктейтін нәрсенің бәріне бағынуға дайын, тіпті бала әкесіне мойынсұнғаны сияқты.

20 Міне оның үстіне, мен сендерге айтамын, Құтқарушы туралы білім әр ұлтқа, тайпаға, тілге және халыққа таралатын уақыт келеді.

21 Міне, сол уақыт келгенде, Құдайдың алдында ешкім мінсіз болып табылмайды, кішкентай балалардан басқа, тек тәубеге келу мен Құдіреті шексіз Құдай Жаратқан Иенің атына сену арқылы ғана.

22 Міне тіпті осы уақытта да, сен өз халқыңды Құдайың Жаратқан Ие саған бұйырған нәрселерді үйреткенде, сонда да олар Құдайдың алдында мінсіз болып табылмайды, тек мен саған айтқан сөздерім бойынша ғана.

23 Ал енді мен Жаратқан Иенің маған бұйырған сөздерін айттым.

24 Міне Жаратқан Ие былай дейді: Қиямет күні олар осы халыққа қарсы жарқын айғақ болады; сондықтан олар жақсы ма, әлде зұлым ба, әр адам өз істеріне қарай сотталатын болады.

25 Ал егер олар зұлым болса, олар өздерінің кінәлары мен жиіркенішті істерінің сұмдығын көруге мәжбүр болады, бұл оларды Жаратқан Иенің алдынан шегіндіріп қайғы‑қасірет пен шексіз азап күйіне түсіреді, олар енді қайтып орала алмайды; сондықтан олар өз жандарын қарғысқа ұшыратты.

26 Сондықтан олар Құдайдың қаһарының тостағанынан ішіп алды, әділдік оларға тыйым салынған жемісті жегені үшін Адамның құлауын жоққа шығара алмайды; сондықтан оларға мейірімділік бұдан былай мәңгілік талап ете алмайды.

27 Ал олардың азабы от пен күкірттен тұратын, жалыны сөнбейтін, түтіні мәңгілікке көтерілетін көл сияқты. Осылайша Жаратқан Ие маған бұйырды. Әумин.